Қазақ әдеби сынының даму тарихы
МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ 5
1 ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы әдеби сынның сипаты 10
1.1 Жиырмасыншы жылдардың басында қазақ әдебиетінің даму бағыты 10
1.2 Мағжантану қалыптасуының өрісі мен өресі 15
1.3 Әдеби-фольклорлық мұра мен Абай туралы айтыстар 21
1.4 Ыдырыс Мұстамбайұлы – әдебиеттанушы, сыншы 25
1.5 Ы.Мұстамбайұлының М.Жұмабаев туралы зерттеулері 32
2 XX ғасырдың 60-жылдарындағы әдеби сын және оның дамуы 40
2.1 XX ғасырдың 60-жылдарындағы әдеби-көркем сынның бағыт-бағдары 40
2.2 Сыншы Сайлаубек Жұмабековтың шығармашылығы 48
2.3 Мұқағали шығармаларындағы сыншылық 53
ҚОРЫТЫНДЫ 56
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР 58
КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі: Әдебиет сыны – әдеби сын, көркем әдеби сын - әдебиеттану ғылымының бір саласы. Ол өмір шындығы мен әдеби шығармадағы көркем шындық арақатынасын саралап, көркем шығарманы әдеби тұрғыдан бағалайтын, әдеби дамудың ағымдағы мәселелерін талқылап, бағыт сілтеп отыратын әдеби-публицистикалық, ғылыми-эстетикалық шығармашылық түрі. Әдебиет сыны – аса күрделі сала. Оның негізгі зерттеу объектісі – көркем әдебиет, әдеби процесс. Сыншы белгілі бір әдеби шығарманы талдап, баға беру үшін әдебиеттану ғылымының зерттеу әдістерін, методологиясын қолданады. Әдебиет сынының басты ерекшелігі, көбінесе, қазіргі әдебиеттің жай-күйін қарастыруында, әдеби мұраларды бүгінгі заман тұрғысынан пайымдауында. Әдебиет сыны әдебиеттің теориясы, әдебиеттің тарихы жеткен жетістіктерге сүйенеді. Көркем шындыққа айналатын өмір – аса күрделі құбылыстардың біртұтас жиынтығы.
1 ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдарындағы әдеби сынның сипаты
1.1 Жиырмасыншы жылдардың басында қазақ әдебиетінің даму бағыты
Жиырмасыншы жылдардың бас кезінде өкімет басында жүрген Н.Төреқұлов, С.Қожанов, С.Сейфуллин, С.Сәдуақасов сияқты қайраткерлер әдеби сынға араласып тұрды. Сондай-ақ, түрлі қызметтерде жүрген Қ.Кемеңгеров, Ы.Мұстамбаев, Ш.Тоқжігітов секілді азаматтар да әдеби өмірде белсенділік танытты. Әдеби сынның ауыр жүгін Ғ.Тоғжанов, Ә.Бәйділдин, Е.Бекенов, Х.Жүсіпбеков, Е.Алдоңғаров, А.Сегізбаев, Ә.Айсарин, Қ.Өтепов, Ә.Қоңыратбаев және т.б. көтерісті. М.Әуезов, Б.Майлин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов сияқты жазушылар да әдебиет майданының қақ ортасында жүрді.
1.2 Мағжантану қалыптасуының өрісі мен өресі
М.Жұмабаевтың поэзиясының негізгі күшті жақтары – сыршылдығы, ұлттық, халықтық сипаты – оның басты кемшіліктеріне айналады. Халық төбесіне көтерген ақынның қуғын-сүргінге, қасіретке толы ауыр тағдыры басталады. Мағжанды «ұлтшыл», «алашордашыл» ретінде әшкерелеу ұйымдасқандық сипат алды. 1924 жылдың басында Орынборда Мағжанға әдебиеттік сот ұйымдастырылды. Сотта Мағжанды қазақ халқының қас жауы, оның шығармалары еш жерде оқылмасын, баспасөз беттерінде шығармаларының жариялануына орын берілмесін деген мәселелер қойылады. Осындай жиналыстың бірі сол жылы Мәскеуде қараша айында өтті. Мағжан өлеңдерін халыққа жат деп тауып, қарар қабылдады. Ж.Аймауытовтың «Мағжанның ақындығы» атты мақаласында: «Мағжанның нағыз кінәсі, жалғыз-ақ кінәсі – аса үлкен дарындылығында»[16],- деген болатын. Шын мәніндегі мағжантану Жүсіпбектің осы мақаласынан бастау алды. Бұл мақала жайлы «Бұл сыни еңбектің, біріншіден, Мағжан ақындығының қыры мен сырын ұғынып алуға, көркемдік әлеміне қалай кіріп, қалай түсіну, ақын бүкпелерін қалай ұғу керектігін көрсеткен, жалғыз мағжантануды ғана емес, бүкіл қазақ әдебиеттануында асқар бел басып келе жатқанымен, екіншіден, әдебиет сынының қаншалықты биік көтерілгеніне көрсеткіш, сын тарихында белгілі бір кезең жасаған туынды екендігімен құнды. Осындай ерекшеліктерімен күні бүгінге дейін сын саласындағы биік шеберліктің «эталоны» болып келеді» [1, 224] –деп жазды ғалым Т.Кәкішев.
1.3 Әдеби-фольклорлық мұра мен Абай туралы айтыстар
З. Ерғалиевтің «Әдебиет» деген мақаласында Қызылорда қаласында әдеби шығармаларды жинаумен, жариялаумен айналысатын комиссия құрылғандығын хабарлаған. Оған материал жіберушілерге әдебиет жайлы түсініктер берген. Автор «Әдебиет» екіге бөлінеді: 1)ауыз әдебиеті; 2)қалам әдебиеті. Ауыз әдебиеті деп ауыздан ауызға, құлақтан құлаққа естіліп, ата-бабаларымыздан осы уақытқа дейін сақталып келе жатқан жырлар, мақалдар, ертегі, жұмбақ, тақпақ сықылдылар айтылады.
1.4 Ыдырыс Мұстамбайұлы – әдебиеттанушы, сыншы
20-жылдардағы әдеби айтыстар қазақ әдебиетінің тарихында өзіндік орны бар әдеби құбылыс қана болып қоймай, қазақ қоғамының барлық саласына әсері тиіп, қазақ әдебиетінде сол кезде қалыптасқан жағдайды жан-жақты ашып берді. Әдеби сын да негізінен үш бағытқа: біріншісі – өзін пролетариат жазушысы санайтын, яғни әдебиетті тап күресінің бір құралы ретінде қарастыратындар, екіншісі – әдебиетті саясатқа бағындыруға қарсы, яғни өздерін бұқарашыл жазушы санайтындар, үшіншісі – әр мәселеге тарихи тұрғыдан қарауды ұсынатын, жазушылардың жікке бөлінбей, біртұтас ұйым болуын қалайтындар деп бөлінді.
1.5 Ы.Мұстамбайұлының М.Жұмабаев туралы зерттеулері
Соңғы жылдары жазылып жатқан осындай зерттеулерден ақын поэзиясының мәңгілік құндылықтарын аңғаруға болады. Кеңестік идеология қанша теріске шығарғанмен бағалы да, құнды дүниелердің уақыт өте келе жарқырай түсері даусыз. Осындай құнды дүниелердің қатарынан Мағжан поэзиясы да орын алатынын қазақ әдебиеттанушы ғалымдары ғылыми түрде дәлелдеп берді. Шынында да, жиырмасыншы жылдарда әдебиет туралы жүргізілген айтыстардың мақсаты – Мағжанды басты нысанаға ала отырып, «ұлтшыл» атанған Ахмет, Міржақып, Жүсіпбек, Сұлтанмахмұт, Мұхтар сынды ақын-жазушыларды қазақ әдебиетінен аластау болатын. Мағжанның ескі, өтіп кеткен заманды көксейді деген пікірлер баспасөз бетінде жарияланып жатты. Кейінгі жылға дейін ұлтшылдық, байшылдық әдебиет үстем болды, жалшы бағытындағы әдебиетіміз солардың көлеңкесінде көтеріліп өсе алмады, пролетар әдебиетіне бет бермеді, өріс алдырмады деген пікірлер жалғасын тауып жатты.
2 XX ғасырдың 60-жылдарындағы әдеби сын және оның дамуы
2.1 XX ғасырдың 60-жылдарындағы әдеби-көркем сынның бағыт-бағдары
1960-жылдары «Қазақ əдебиеті тарихы» көптомдығының жарыққа шығуы ұлттық əдебиеттануға талай жылдан бері қордаланып келе жатқан, əлі де болса шешуді талап ететін жəне оны маркстік-лениндік əдіснама тұрғысынан ғана қарастыруға мəжбүр болған көптеген мəселелердің бетін ашып берді. Ғылыми-зерттеушілік ой-пікір қолда бар мүмкіндікті пайдалана отырып, əртүрлі себептермен кеткен олқылықтардың орнын толтыруға ұмтылды. 60-жылдардағы сын мен əдебиеттанудың өсу деңгейін, əр саладағы өзекті мəселелерге қол созғанын көрсететін біршама ғылыми еңбектер жазылды.
2.2 Сыншы Сайлаубек Жұмабековтың шығармашылығы
Қазақ әдеби сынының тарихы тереңде. Әдебиет туралы ой әдебиетпен бiрге туып, әдебиетпен бiрге жасауда. Сондықтан әдебиеттiң тарихы секiлдi әдеби сынның тарихы да ғылыми таным таразысына тартылып, арнайы қарастырылып келедi. Iргелi зерттеу еңбектер жазылуда. Алайда қазақ әдеби сынының теориясы мен қолданбалы мәселелерi, әдеби талдаудың, әдеби шығарманы сынаудың әдiснамасы, сыншының талдау және бағалау шеберлiгi, сыншы шығармашылығының көркемдiк және эстетикалық болмысы туралы қазақ әдебиеттануында қолға ұстап, қажетке жаратқандай арнайы зерттеу бүгiнге дейiн жүргiзiлген емес.
2.3 Мұқағали шығармаларындағы сыншылық
Қазақ әдебиеті сынының тарихында сын өнерін өмірлік мұрат тұтқан кәсіби сыншылардың еңбектерімен қатар, ақын-жазушылар сыны да маңызды орын алады. Қазақ әдеби сынында жазушы сынының кәсіби сынмен қапталдаса дамып, әдебиет әлемінде болып жатқан құбылыстар мен әдеби өмірдің күрмеулі мәселелері төңірегінде ой қозғап, көркемдік әлемдегі негізгі жетістіктерді дұрыс танып, даралай білуге белсенді араласып, әдеби сын қазанының бір құлағын ұстасып келе жатқандығын аңғаруға болады. Профессор Д. Ысқақұлы сынды әдеби туынды төңірегіндегі пікір иесінің қатысына қарай оқырман сыны, жазушы сыны, сыншы сыны деп үшке бөледі де, жазушы сынына мынадай түсінік береді: «Жазушы сыны басқа түрлерден тілінің көркемдігімен, ойының бейнелілігімен ерекшеленеді. Өз ойларын ғылыми талдауларға емес, жазушылық тәжірибесіне сүйене отырып, алған әсер ретінде білдіреді. ... Көбіне пікір білдіріп отырған шығармасының сөз қолдану, әсем ойды өрнектеп беру шеберліктеріне құрылады. Ортақол, нашар шығармалардан гөрі сәтті туындыларға көбірек арналып, ұнағанын, несімен ұнағанын айтады» [54, 92].
ҚОРЫТЫНДЫ
ХХ ғасырдың жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиетінің негізгі жанрларымен бірге оның сыны да дами түскені, жан-жақты жаңа саяси жағдайға байланысты әдебиеттің алдында тұрған міндеттерді айқындау ісінде белсенділік танытқаны сөз болады. Қазақ әдебиеттану ғылымының дамуында жиырмасыншы жылдардағы әдеби айтыстардың алатын орны ерекше. Сыншылар өз кезеңінде шыққан жаңа шығармаларға әдеби тұрғыдан баға беріп қана қоймай, оны дамытуды сол кездегі мәселелер тұрғысынан талқылап, бағыт сілтеуге талпыныс жасады. Жиырмасыншы жылдардағы әдеби сынның бай тәжірибесі мен нәтижелері, әдеби айтыстардың іші құпия сырға толы.