Загрузка страницы

Для Казахстана

Курсовые

Дипломные

Отчеты по практике

Расширенный поиск
 

Предмет: Экономикалық теория

Тип: Курстық жұмыс

Объем: 33 стр.

Год: 2007

Полный просмотр работы

Ақша жүйесінің түсінігі және типтері


Жоспар
Кіріспе 3
І тарау. Ақша түсінігі 5
1.1 Ақшаның жалпы эквивалент және экономикалық категория ретіндегі түсінігі. Ақша қызметінің эволюциясы 5
1.2 Ақшаның қажеттілігі мен экономикалық мәні 8
1.3 Несие ақшалар 9
1.4 Ақша қызметтері және олардың қазіргі жағдайдағы дамуы 12
1.4.1 Ақша құн өлшемі ретінде 13
1.4.2 Ақша айналыс құралы ретінде 13
1.4.3 Ақша төлем құралы ретінде 14
1.4.4 Ақша - қорлану және қазына жинау құралы ретінде 15
1.4.5 Дүниежүзілік ақша қызметі 16
1.5 Ақша табиғатының ерекшеліктері 17
1.6 Ақша айналысының заңы 18
ІІ тарау. Қазақстан Республикасының ақша жүйесі 20
2.1 Қазақстандағы ақша реформалары 20
2.2 Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге 24
2.4 2004-2006 жылдарға арналған ақша-кредит саясатының негізгі бағыттары 27
2.5 Қазақстандағы карточка жүйесі 30
Қорытынды 32
Қолданылған әдебиеттер 33

Кіріспе

Бұл курстық жұмыстың негізгі мақсаты ақшаның пайда болуына, құрылымына, маңыздылығына теориялық аспектілер беріп, ақшаны жан-жағынан - бұрынғы, қазіргі және болашақтағы позицияларынан қарастыру.
Менің ойымша, ақшаның экономикалық мәнін бағалау өте қиын. Оның маңыздылығы мен функциясын түсінбей, нарықтық экономиканың механизмін және де оған ақшаның әсерін танып білу мүмкін емес. Егер де сіздер «экономиканың» не екенін және онда болып жатқан процестердің қоғам өміріне әсерін білгіңіз келсе, ең алдымен ақшаның мазмұнын және функциясын танып біліңіз. Бұл сұрақтардың білуі, біздің қоғамда кездесетін экономикалық проблемаларға басқаша көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Ал енді, ақша дегеніміз не деген сұраққа келетін болсақ, ақша - ол тауарлардың тауары, оның өз бойында жасырын түрде барлық басқа тауарлар болады, егер керек болса, қызығарлық және тілеген заттың қандайына болса да айнала алатын сиқырлы құрал. Құнның ақшалай нысанының бекуімен байланысты баға пайда болады. Баға құнның ақшалай көрінісі. Оның құннан жоғары да, төмен де, тең де болуы мүмкін. Бұл өз алдына талдауды талап етеді. Табиғат өздігінен ақшаны да, банкирді де туғызған емес. Экономикалық қатынастардың дамуымен байланысты алтынға осындай қасиетті қоғам берген. Адамдардың алтынды ақша ретінде пайдалануы оның осы қасиетімен түсіндіріледі. Сонымен, ақша ерекше тауар, ол тауарлар дүниесінен жеке дара бөлініп шығып жалпы эквивалент рөлін атқарады.
Ақшаның жалпыға бірдей эквивалент ретінде мынадай ерекшеліктері бар:

І тарау. Ақша түсінігі

1.1 Ақшаның жалпы эквивалент және экономикалық категория ретіндегі түсінігі. Ақша қызметінің эволюциясы

Ақша ежелгі заманда пайда болды. Олар тауар өндірісінің дамуындағы бірден-бір шарт және өнім болып табылады. Тауар - бұл сату немесе айырбастау үшін жасалынған еңбек өнімі. Адам еңбегінің өнімі (зат) оны өндірушілердің белгілі қоғамдық қатынастарын тудыра отырып, тауар формасын қабылдайды. Заттардың тауарға айналуы ақшаның пайда болуындағы объективті алғышарттарды құрайды. Бірақ кез келген зат тауар бола алмайды. Егер (еңбекпен белгіленген) тұтыну құны өз сатып алушысын таппаса немесе коғам тарапынан мойындалмаса, онда оны дайындауға кеткен уақыттың рәсуә болғаны; мұндай бұйым тауарлық формаға ие емес, өйткені оның коғамға қажеті шамалы. Сондықтан да әрбір тауар қажетті тұтыну құнның алу құралы бола отырып, өзінің өндірушісіне қатынасы бойынша айырбас құны ретінде көрінеді. Айырбас құн тауарлардың өзінен бөлініп шыққан және олармен бірге өз бетінше өмір сүретін тауар, ол ақша .
Әрбір ерекше тауар міндетті түрде тұтыну кұны ретінде көрінеді. Оның кұны жасырын түрде болады және тек қана ақшаға теңестіру жолымен табылады. Тауарлар және ақшалар бір және осы тауар формасының нақты қарама-қарсы жақтары бола отырып, айырбас процесінде бір-бірін табады және өзара бір-біріне ауысады.

1.2 Ақшаның қажеттілігі мен экономикалық мәні

Ақша өндіру мен бөлу процестерінде адамдар арасындағы белгілі бір экономикалық қарым-қатынастарды көрсететін, тарихи даму үстіндегі экономикалық категория болып табылады. Экономикалық категория ретінде ақшаның мәні оның үш қасиетінің бірігуімен көрініс табады:
• жалпыға тікелей айырбасталу;
• айырбас құнының дербес формасы;
• оның сыртқы заттық өлшемі.
Жалпыға тікелей айырбасталу формасында ақшаны пайдалану, кез келген материалдық құндылықтарға ақшаны айырбастау, мүмкіншілігінің бар екенін көрсетеді. Социализм жағдайында бұл мүмкіндік елеулі қысқарды және тек коғамдық жиынтық өнімді пайдалану және бөлумен ғана шектелді. Кәсіпорындар, жер, орман, жер асты байлықтары сатылмады және сатып алынбады. Қазіргі кезде жекешелендіру процестерінің жүруімен байланысты, жалпыға тікелей айырбастау формасында ақшаны тікелей пайдаланудың көлемі едәуір кеңейді.
Ақшаның айырбас құнынын дербес формасы ретінде пайдалану тауарларды тікелей өткізумен байланысты емес. Ақшаны бұл формада қолдану жағдайлары олар несие беру, бюджеттің кірістерін қалыптастыру, өндірістік және өндірістік емес шығындарды қаржыландыру, Ұлттық банктің несиелік ресурстарды басқа банктерге сатуы және тағы басқа.

1.3 Несие ақшалар

Қағаз ақшалар әрдайым көмекші сипатқа ие. Қағаз ақшалардың дербес түрде ұзақ уақыт бойында айналу мүмкін емес, сондықтан да олармен қатар несиелік ақшалар жүреді.
Несие ақшалар - бұл несие негізінде алтынның орнына келген құнның қағаздай белгісі. Несие ақшалар несие беруші мен несие алушы арасындағы қарыз капиталының қозғалысын көрсетеді және төлем құралы формасы ретінде өмір сүрудің меншікті формасын алады.
Несие ақшалардың негізгі турлеріне: вексель, банкнота, чек, несие карточкалары жатады.
Вексель - бұл мерзімі жеткен соң вексель иесіне (вексель ұстаушыға) вексельде көрсетілген соманы қарыз алушыдан (вексель берушіден) төлеуді талап ету құқын беретін жазбаша түрдегі қарыз міндеттемесі.

1.4 Ақша қызметтері және олардың қазіргі жағдайдағы дамуы

Ақша ерекше тауар, жалпыға бірдей балама, яғни, басқа тауарлардың жалпыға бірдей баламалық құнының нысаны.
Ақшаның тағы да бір ерекше қасиеті құнның сақталуын қамтамасыз ететін күші. Мысалы, құнды тауарға салса, оның ақшалай көлемі күн санап азая береді. Өйткені, ол тауарды сақтау үшін белгілі көлемде шығын шығарылады. Ал, егер, құн ақшаға салынса, ондай шығын болмайды.

1.4.1 Ақша құн өлшемі ретінде

Ақшаның бұл атқарымы оның көлемі мен тауардың өзіндік құны анықталған кезде байқалады. Бұл жерде тауардың өзіндік құны, оны өндіру жолындағы қажетті шығынмен тең. Олай болса тауар өндіру, басқаша кызмет көрсету үшін, алдымен еңбек бұйымдарын табу керек, тек содан кейін, солардың көмегімен, керекті өнім шығарылады, болмаса, қызмет көрсетіледі. Осыған байланысты жаңадан шығарылған тауардың өзіндік құны екі элементтен тұрады. Біріншісі, жоғарыда айтылған еңбек құралдары мен еңбек бұйымдарының құны. Өйткені, ол түгелімен, жаңадан шығарылған өнімнің өзіндік құнына ауысады. Екіншісі, осы өнімді өндіру жолындағы жұмсалатын тірі еңбек күшінің кұны. Сонымен қатар, жаңа өнімнің өзіндік құнына қосылатын, еңбек құралдарының және еңбек бұйымдарының кұны да әрбір тауар өндірушілерде бірдей болмайды. Өйткені, барлық тауар өндірушілердің техника мен жабдықтандырылу, мамандық дәрежесі және үнемшілдігі әр түрлі. Алайда кез келген тауар, тек қоғамдық қажетті шығынға байланысты бағаға сатылады.

1.4.2 Ақша айналыс құралы ретінде

Ақша айналыс құралы кызметінде тауарларды өткізудегі делдал болып табылады.
Тауарлар бір қолдан екінші колға ауыса отырып, өзінің тұтынушысын тапқанға дейін ақша үздіксіз қозғалыста болады.
Тауар айналысы кезінде, ақша делдал ролін атқарады, ал бұл кездегі сатып алу және сату актісі ерекшеленеді, уақыты мен кеңістігі бойынша сай келмейді. Сатушы тауарын сатқаннан кейін, басқа тауарды сатып алуға әр уақытта аспайды. Ол тауарды бір нарықта сатуы, ал басқа нарықтан сатып алуы мүмкін. Делдал ретіндегі ақшаның көмегімен уақыт пен кеңістіктегі өзара сай келмеушілік жойылды.

1.4.3 Ақша төлем құралы ретінде

Тауар айналысы ақша қозғалысымен байланысты. Бірақ ақша қозғалысы міндетті түрде тауар қозғалысымен бір уақытта тоғысуы тиіс емес. Ақша құнның еркін формасында көрінеді. Олар өткізу процесін еркін аяқтайды. Ақшаның қозғалысы тауар қозғалысынан ерте немесе кеш жүруі мүмкін.

1.4.4 Ақша - қорлану және қазына жинау құралы ретінде

Ақшаның төлем және айналыс құралы қызметтері ақшалай қорлардың құрылуын талап етеді. Ақшаның қорлануының қажеттілігі Т- А -Т айналымының екі актілерге Т - А және А - Т айрылуымен байланысты.
Капиталистік қоғамдық формацияға дейінгілер үшін байлықты - таза қазына - формасында жинақтау, яғни ақшаның қарапайым қорлануы тән келеді. Бұл экономикалық дамуға ешқандай да ықпал еткен жоқ, себебі олар шын мәнісінде айналыстан тыс жатқан ақшалар болды. Капитализм тұсында бұл қазыналар несиелік жүйе және қор биржалары арқылы пайда әкелетін капиталға айналады. Қазына жинау қызметінің қажеттілігі тауар өндірісімен байланысты болды. Айналым капиталын немесе тұтыну заттарын алу үшін ең бастысы ақшаны жинау қажет.

1.4.5 Дүниежүзілік ақша қызметі

Тауар шаруашылығының кеңеюі, шаруашылық байланыстардың интернационалдануы, дүниежүзілік нарықтың пайда болуы дүниежүзілік ақшалар кызметінің пайда болуына себеп болды. Дүниежүзілік ақшалар интернационалдық құн өлшемі, халықаралық төлем және сатып алу құралы ретінде қызмет етеді.
Бұл кызметті бастапқыда толық бағалы ақшалар (алтын), ал кейіннен нағыз ақшалар (шетел валютасы) атқарды. 1867 жылы Париж келісімі дүниежүзілік ақша қызметін алтынға балап бекітті.

1.5 Ақша табиғатының ерекшеліктері

XX ғасырда ақша қызметтері және ақшаның жалпыға ортақ эквивалент ретіндегі рөлі өзгерістерге ұшырады. Барлық жерде де алтын жоғарыда аталған бес қызметін атқаруды қойды, еш жерде тауар құны алтын арқылы өлшенбейді; ешбір елде алтын айналыста болмайды, алтын төлем құралы қызметін де атқармайды. Халықаралық экономикалық қатынастарда есеп айырысу валюталар – доллар, евро, иендер т.б. арқылы жүзеге асады. Сонымен алтынның айналыстан шығуы оның ақша қызметін атқармайтын болуы демонетизациялау деп аталады.

ІІ тарау. Қазақстан Республикасының ақша жүйесі

2.1 Қазақстандағы ақша реформалары

Қазақстан Республикасында 1993 жылы ақша реформасын жүргізудің негізгі себебі - ақша белгісін тұрақтандыру. Себебі КСРО ыдырағаннан кейінгі екі жыл аралығында кеңестік рубль бұрынғы одақтас республикалардың орнына құрылған тәуелсіз елдерде біртектес ақша ретінде қолданылды. Ол елдерде 1986 жылы басталған экономиканы қайта құру кезінде өндіріс құлдырап, айналыстағы ақша массасы өсіп, инфляция қарқыны шарықтады. Тауарлар мен азық-түлік негізінен шетелдерден тасылды. 1990 ж. қолма-қол ақша эмиссиясы 25 млрд. сом болды, ол 1981-85 жж. эмиссияланған қосынды сомадан әлдеқайда көп еді.

2.2 Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге

Теңгенің алғашқы банкоталарын полиграфиялық дайындауды «Харрисон және ұлдары» фирмасы жоғары деңгейде жүзеге асырды (ол ең жақсы экспорттық өнім ретінде Ұлыбритания королевасынан «Алтын белгі» алды).
Ұлттық валюта енгізілгеннен кейін алғашқы екі жыл біздің еліміз үшін өте қиын жылдар болды. Жалпы экономикалық сипаттағы объективті қиындықтар (бағаларды ырықтандыруға және өндірістің құлдырауына байланысты инфляцияның жоғары деңгейі, импорт тауарларына қанағаттандырмайтын сұраныстың едәуір көлемі) шетел валютасына сұраныстың едәуір өсуі не, ал ізінше,бағамның өсуіне әкеп соқтырды. Теңгені енгізуіне байланысты есеп айырысу жүргізген кезде ұлттық валюта тұрақтылығына ықпал ете алатын барлық негізгі факторлар есепке алынады.

2.4 2004-2006 жылдарға арналған ақша-кредит саясатының негізгі бағыттары

Өткен 2003 жыл Қазақстанның қаржы секторы үшін мерейтой жылы болды – 15 қарашада ұлттық валютаның енгізілгеніне 10 жыл толды. 10 жыл ішінде Қазақстан қаржы секторының барлық сегменттерін дамытуда қомақты нәтижелерге қол жеткізді. Қазіргі уақытта Қазақстанның қаржы жүйесі ТМД-ның басқа елдерімен салыстырғанда едәуір дамыған, айқын және мемлекеттің араласуынан қорғалған болып табылады. 2003 жылы барабар ақша-кредит саясатын жүргізу қаржы рыногында тұрақтылықты қамтамасыз етті , сонымен қатар елде жоғары экономикалық өсуді сақтауға белгілі бір дәрежеде ықпалын тигізеді.

Қорытынды

Сөйтіп, ақшалар ертеден адамзаттың пайда болуымен қатар өмір сүріп келеді десе болады. Ғасырлар бойы ақша өзгеріп отырған және бүгінде олардың жағдайы аяқталған, соңғы фаза болып табылмайды. Тауар айналысының тарихи дамуы процесінде жалпыға бірдей эквивалент формасында әр алуан тауарлар болған: мал, тері, металл бұйымдары және тағы басқа. Мұның барлығы тауар өндірісі мен тауар айналысының болуына негізделген ақша қажеттілігінің себептерін түсіндіреді.
Ақшаның пайда болуымен байланысты бір тауардың екінші бір тауарға тікелей айырбасталуы (Т – Т) біржола тауар айналымына (Т – А – Т ), яғни ақша арқылы тауар айырбасына орын береді. Ақша тауар айырбасында аралық, яғни айырбас құралының қызметін атқарады. Мұндай қызметті атқару үшін нақты ақша немесе ақша белгісі қажет, өйткені тауар тек нақты ақшаға, ал ақша тауарға тікелей айырбасқа түседі.
Экономикалық категория ретінде ақшалар өндіріс және бөлу процесінде адамдар арасындағы экономикалық қатынастарды бейнелейді. Бұл жерде ақша бес түрлі қызмет атқарады: құн өлшемі, айналыс құралы, төлем құралы, қазына жинау және қорлану құралы, дүниежүзілік ақшалар.