Сөз тіркесінің зерттелуі
Сөз тіркесі жөнінде жүйелі зерттеулердің қалыптасып дамығанына көп болған жоқ. Қазан төңкерісіне дейінгі еңбектерде тек сөйлем мүшелерін, олардың байланысын, орын тәртібін көбірек сөз қылды да, ал сөз тіркесіне байланысты мәселелер онша ауызға алынбады. Түркі тілдерінің сөз тіркестері тек кеңес дәуірінде ғана зерттеліне басталды. Орыс тілінде сөз тіркестерін тұңғыш қолға алған В.В. Виноградов сөз тіркестерінің түрлері, байланыс формалары және олардың құрылысы тіл білімінің ең басты бөлімі екендігін айтады.
Мұны ең алдымен Қ. Жұбанов сияқты ғалымдарымыздың еңбектерінен айқын көруге болады. Ал Қ.Басымовтың «Сөйлем мүшелері туралы»,«Пысықтауыш» т.б. мақалаларында тек бастауыш пен баяндауыштың қиысуын ғана сөз еткені болмаса, олардың басқа байланысу формаларына арнайы тоқталмаған.
Сөз тіркесі туралы мағлұмат мектеп грамматикаларында тек 1939 жылы беріле бастады. Бұл ретте С. Аманжолов, С. Жиенбаев, Т. Сауранбаев т.б. еңбектерін атауға болады.
Әрине онда дәл қазіргідей сөз тіркестері деп аталмағанымен, әркім өзінше сөздер тізбегі, сөздердің қарым-қатынасы, сөздердің байланысы деп көп уақытқа дейін әртүрлі айтып келгені белгілі.
Бұл еңбектерде сөз тіркесі айтылғанымен олардың толып жатқан заңдылықтары, атап айтқанда байланысу формалары мен амалдары, түрлері, оның синтаксистік қатынастары арнайы сөз болып қозғалмайды. Бұл жөнінде жалпы түркология, оның ішінде қазақ тіл білімінде көптеген жұмыстар жазылып және одан әрі зерттеліп жатқаны да белгілі.
Жалпы сөз тіркестерін зерттеу тек 1950 жылдардан кейінгі уақытта ғана бір жүйеге келе бастады.
Сөйлем екі полюс, яғни бастауыш пен баяндауыш болуы хақ. Сонымен, бір-біріне қатысы жағынан бастауыш және баяндауыш болып келетін кез-келген синтаксистік құрамды сөйлем дейтін боламыз. Керісінше, өзара іштей бастауыш пен баяндауыш болып келмеген кез-келген синтаксистік тіркес сөйлем емес, сөз тіркесі деп танылады. Сонда сөз тіркесі сөйлем ішіндегі статикалық қатынастарды баяндаудың формасы ғана. Сөйлем мен сөз тіркесінің айырмашылығын Н.К. Дмитриев былай көрсетеді: Егер бастауыш пен баяндауыштық қатынастан құралып, аяқталған ойды білдірсе, сөйлем деп, егер бастауыш пен баяндауыштық қатынас болмай, олар тиянақты ойды білдірмесе, сонда ғана сөз тіркесі дейді.