АЛАШ ИДЕЯСЫ – ҚАЗАҚ ИДЕЯСЫ
Алаш қозғалысының тарихи негізгі Ресей отаршылдығының қазақ жеріндегі аса асқынған кезеңінен басталды десек те, Алаш идеясы одан әлдеқайда бұрын өмірге келіп, күні бүгінге дейін елім, жерім деп ұлт болашағын ойлаған әрбір қазақ жүрегінің терең түпкірінен орын тепкен. Өйткені Алаш қозғалысы қазақ қауымындағы отаршылдыққа қарсы бағытталған, прогресске ұмтылған жалпыхалықтық демократиялық қозғалыс еді.
Халық алдында беделі бар, оны соңынан ертіп, сөзін өткізе алатын оқыған білімді азаматтарға «ұлтшылдық» деген пәле жабылды, атылып – шабылды. Ең алдымен Алашорда қозғалысына қатысқандарға кешірім жасалды, бірақ соңынан бәрі құрбандыққа шалынды, тірі қалғандары итжеккенге айдалды. Келесі кезекте большевиктерді жақтап, сол арқылы елімді, жерімді гүлдендіріп, ұлттық мүдделерді көркейтемін деп кеңес өкіметінің іргесін қаласқан марқасқа азаматтар қырылып – жойылды.
Жергілікті халықпен күресудің бірден – бір жолы ұлттық сананы улап, саналы азаматтарды ұлтсыздандыру үшін большевиктер «ұлтшылдық» деген терминді кеңінен пайдаланды. Орыс деревьняларында бау – бақшаларда құстарды үркіту үшін қолдан жасалған қарауыл – қарақшы – пугало – қоюшы еді. Қазақтар үшін «ұлтшылдық» дегеніңіз сол пугалоға айналды. Демек, Мырқымбаев – ұлтшыл, яғни ол жау, қауіпті адам. Құртуға толық негіз бар дегендей.