Қазақстанның қылмыстық іс жүргізуіндегі дәлелдеу және дәлелдемелер
Қазақстанның қылмыстық іс жүргізуіндегі дәлелдеу теориясының гносеологиялық негізі. Қылмыстық іс жүргізудегі ақиқаттың ұғымы және мазмұны. Қылмыстық іс бойынша ақиқатты анықтау – дәлелдеу мақсаты. Қылмыстық іс бойынша ақиқатты анықтаудың процессуалдық кепілдіктері.
Қазақстанның қылмыстық іс жүргізуіндегі дәлелдемелердің құқықтық мәні. Дәлелдеме болатын фактілік деректердің қайнар көзі. Дәлелдемелерді топтастыру және оның тәжірибелік маңызы.
Айыпталушының жауабы: ұғымы, заты және маңызы. Айыпталушының жауабын бағалау. Айыпталушының кінәсін мойнына алудың дәлелдемелік маңызы. Айыпталушы жауабының дұрыстығы мен толықтығын тексеру ерекшеліктері. Жала, өзіне-өзі жала жабу, олардың дәлелдемелік маңызы.
Тергеу органдарының міндеті — қылмысты ашу, дәлелдемелер жинау, оларды баянды ету, зерттеу және бағалау жолымен қылмыс істеген адамдарды анықтау. Сонымен бірге тергеуші іс бойынша барлық мән-жайларды анықтауға және зерттеуге міндетті, тергеу жүргізіліп жатқан қылмыстық іс материалдарына негізделген жорамалдар мен болжамдарды, қылмыстың жасалуының мән-жайларын, қылмыс жасаған адамдар, сол адамдардың қылмыс жасау себептері туралы мәліметтерді тексеруге міндетті.
Анықтаушы, тергеуші, прокурор және сот қылмыстық, іс бойынша алдын ала тергеу мен сот тергеуін жүргізіп, сол істің мән-жайын анықтау үшін дәлелдемелерді қолданады.
Қылмыстық істі дұрыс шешу үшін маңызы бар іс жүзіндегі деректер куәнің, жәбірленушінің, сезіктінің, айыпталушының, жауабымен, сарапшының, қорытындысымен, айғақты заттармен, іс жүргізу әрекеттерінің хаттамаларымен және өзге де кұжаттармен анықталады.
Мәселені толық түсіну үшін, алдын ала тергеу сатысында жүргізілетін тергеу әрекеттерінің жедел іздеу шараларынан айырмашылығы қандай, соған тоқталайық.
Қылмыстық істі дұрыс шешу үшін маңызы бар мән – жайларды анықтайтын, заңды түрде алынған деректер іс бойынша дәлелдемелер деп танылады.
Анықтаушының, тергеушінің, прокурордың, соттың Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде көрсетілген әрекеттердің болғандығын, айыпталушының сол әрекетті жасағандығын немесе жасамағандығын және айыпталушының кінәлілігін не кінәлі емес екендігін, сондай-ақ істі дұрыс шешу үшін маңызы бар басқа да мән- жайларды, ҚІЖК-де белгіленген тәртіппен анықтауына негіз болатын, заңды түрде алынған деректер, қылмыстық іс бойынша дәлелдеме болып табылады.