ҚР мемлекет және құқық тарихының зерттеу пәні мен әдісі
Қазақстан Республикасы егеменді тәуелсіз мемлекет. Оның өз тәуелсіздігіне қол жеткізген күні 1991 жылғы 16 желтоқсан. Осы кезеңге дейін де бұл мекенде талай мемлекеттер шаңырақ көтеріп, өркендегенін, кейін тарих сахнасынан біржола өшкенін де білеміз. Бұл мемлекеттік бірлестіктер халқының басым бөлігі ежелгі түрік халықтары болды. Түрлі тарихи жағдайларға байланысты мемлекеттер пайда болып, жойылып отырды, ал халық жаңа жағддайға бейімделіп келді. Ежелгі сақ тайпалары, ғұн, үйсін, қаңлы мемлекеттері мен түрік қағанаты дәуіріндегі мемлекеттер, Шыңғысхан шапқыншылығынан кейін өмір сүрген көптеген мемлекеттер Қазақстан территориясын мекендеген халықтардың мемлекеттері болды.
Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы пәні еліміздің территориясында өмір сүрген түрлі мемлекеттердің қоғамдық-саяси құрслысы мен құқықтық қатынастарының даму ерекшеліктерін зерттейді. Бұл мемлекеттердің негізі бір қазақ халқы болғандықтан, олардың саяси-құқық тарихы бүгінгі Қазақстан Республикасына тікелей байланысты болмақ.
Қазақстан Республикасының мемлекет және құқық тарихы тарихи және құқықтық ғылым болып табылады. Ол қоғам тарихының бір бөлігі болғандықтан мәдениет тарихы, әдебиет тарихы, техника тарихы, т.б. салалық тарихи ғылымдармен қатар тұрады, тарих ғылымының жалпы заңдылықтарын басшылыққа алады.