Жамал Омарова
Омарова Жамал (1912-1976) - әнші (контральто). Қазақстанның халық артисі. Өзбек ССР-нің Янгиюль қаласында туған. Ташкент педагогикалық училищесінде оқу бітірген. Ж. Омарова қазақ ұлттық операсымен ән мәдениетін дамытуға үлкен үлес қосты. Ол 1934-1936 жж. музыкалық драмалық спектакльдерден Мақпал (Б. Майлиннің “Шұғасы”), Қамқа (Ғ. Мүсіреповтың “Қыз Жібегі”), Айман (М. Әуезовтің “Айман-Шолпан”) образдарын жасады. 1937-1976 жж.- Қазақконцерт пен қазақ филармониясының солисі. Оның репертуарында “Бипыл”, “Қараторғай”, “Ертіс”, “Ләтипа”, “Шынарай” сияқты қазақтың халық әндері, Ш. Қалдаяқовтың “Менің Қазақстаным”, А. Телғозиевтің “Менің елім” және т. б. әндері бар. Ж. Омарованың орындауында қазақтың халық шығармашылығына ұлттық сипаттар, оның әуезділігі, фольклорлық жанрдағы патетика тән.
Жамал Омарованың репертуары өзі туған жерінен алып келген халық композиторларының және халық әндерінің өңделген түрлерінен құралған. Бұлар елге кең жайылған, халық сүйіп тыңдайтын – Кәмила, Бипыл, Шынар-ай, Ақбөпе, Секіртпелі-сем-сем, Ахау айым, Абай гүлім-ай, Ой көк және т.б. әндер. Қазақстандағы хор капелласын құрушылардың бірі – хормейстер Борис Васильевич Лебедевтің арқасында осы кезден бастап әншінің европалық музыкалық білім алуы, яғни нотаны үйренуі басталады. Қазақ даласы үшін ерекшелік болып табылатын сол кездегі композиторлармен әншінің шығармашылық бірігуі, ұлттық ән салу мәдениетінің өскендігі, өзі туған өңірдің халықтық ән дәстүрінің бай қазынасын бойына сіңірген оның табиғи аса дарынды тума таланты - Жамал Омарова сынды феноменді дүниеге әкелді.
Өмірбаяндық мәліметтер мен нақты деректер Жамал Омарованың қызы Жұпар Омаровадан және Орталық Мемлекеттік кинофото фонодокументтер мұрағатынан алынды.