Ренессанс пен Реформация мәдениетіндегі философия
Ортағасырлық мәдениет пен ойдың мәдени-әлеуметтік трансформациялары. Ренессанстық дүниетанымның антропоцентризмі. Табиғат пен адамның жаңаша түсінігі. Антикалық және эзотерикалық ілімдердің (неоплатонизмнің, герметизмнің, каббаланың, мистицизмнің) қайта түрлеу және олардың Қайта Өрлеу философиясына әсері. Қайта Өрлеу философиясы және жаңа ренессанстық ойлаудың қалыптасуы. Дүниетанымдық сауалдар және Қайта Өрлеу Дәуірі ойшылдарының философиялық ізденістері. Философиялық ой-желістердің негізгі тақырыптары мен мәселелері. Ренессанстық гуманизм. Ренессанстық неоплатонизм мен аристотелизм. Ренессанстық скептицизм мен эпикуреизм.
Ренессанс философияның негізгі ерекшелігі – антропологиялық мәселенің алдыңғы қатарға шығуы. Зерттеу ізденістерінің нысаны Құдай емес, Адам болды. Адамның әлемдегі орны, оның еркіндігі, тағдыры Леонардо да Винчи, Микеланджело, Эразм Роттердамский, Никкола Макиавелли, Томас Мор, Мишель де Монтень сияқты ойшылдарды қызықтырды.
Гуманизм дәстүрлері антикалық, орта ғасырлық дәуірлерде де болды, бірақ кең көлемдегі саяси, әлеуметтік, адамгершілік сипаттағы қоғамдық қозғалыс ретінде Қайта өркендеу дәуірінде қалыптасты. Яғни жаңа типтегі дүниетанымдық, адамгершілік және саяси идея дүниеге келді. Өмірден тым алыс схоластика сынға ұшырады. Әділетті қоғамдық – мемлекеттік құрылым – парламенттік басқару Италияда енгізілді. Адамдардың қызығушылықтарының өзара үйлесімде болуының жолдары қаастырылды.
Гуманистер адамдардың қарым – қатынастарының негізінде сүйіспеншілік, достық, бірін – бірі сыйлау сияқты құндылықтар жатуы қажет деп жариялады. Адамдардың нағыз ізгілікті табиғатын Данте шығармашылығынан көруге болады.
Жалпы, Қайта өркендеу дәуірінің маңызы өте зор. Өйткені ол қалыпты дәстүрді бұзып, дүниетанымдық принциптерді түбегейлі өзгертті, барлық күш пен қуатты, жаңа методологияны жер бетіндегі тіршілікке бағыттады. Жаңа дәуір философиясына тарихи, мәдени, рухани негіз болды.