Саз әлемінің сардары
А.Жұбановтың қазақ мәдениетіне қосқан үлесі ұшан-теңіз. 1933 жылдың ақпанынан басталған еңбек жолы қазақ өнері мен мәдениетінің қалыптасуы, дамуы және өркендеуі жолында алтын әріптермен жазылған жемісті беттеріне айналды. Бұл кезең жаңадан қаулап пайда бола бастаған оқу, мәдени-өнер ордаларының құрылуы мен кәсіби ұжымдардың қалыптасу кезеңі болатын. Бүгінгі таңда құрылғанына 70, 60 жыл толған республикалық деңгейдегі: Құрманғазы атындағы мемлекеттік академиялық ұлт-аспаптар оркестрі, Жамбыл атындағы филармония, Құрманғазы атындағы мемлекеттік консерватория және сол оқу орнындағы қазақтың халық аспаптар кафедрасы, Ұлттық ғылым академиясы, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты құрамындағы Өнертану секторы қазақ мәдениетінің ірі қайраткері Ахмет Қуанұлы Жұбановтың тікелей араласуымен және жетекшілік етуімен өмірге жолдама алған ұжымдар.
Өзі қабырғасын қалаған және он жылдан аса көркемдік жетекшісі және бас дирижері болған ұлт аспаптар оркестріне лайықты мұрагер табуда Ахаң көрегендік танытқан. Орындаушылық шеберлігі өсіп, өнерімен елге танылған оркестрді жас та болса бойында ұжымға жетекшілік етуге қабілеті бар, талантты да жігерлі музыкантты таба білді. Ахмет Қуанұлының берген ақ батасымен оркестрдің дирижерлік таяқшасын Шамғон Қажығалиев өз қолына алып, үзіліссіз 40 жылға жуық көркемдік жетекшісі және бас дирижері болды. Өткен ғасырдың екінші жартысындағы оркестрдің көтерілген көркемдік биігі, халық композиторлары мен классикалық, бүгінгі композиторлардың шығармаларын орындаудағы жетістіктері қазақ мәдениетінің тарихына алтын әріптермен жазылған кез.
Қазақ күйінің табиғаты аспапта орындауға негізделген. Сондықтан домбыра, қобыз, сыбызғы күйлері симфониялық оркестрге арналған шығармаларға тікелей арқау болды. Ол бұған дейінгі аға буын композиторлар Е.Брусиловский, М.Төлебаев, т.б. опера шығармалары арқылы кеңінен белгілі. Күй сазы бұл композиторлардың операларында негізінен шығарманың оркестрлік кіріспе, би, аспаптық бөліктерінде кездесетін. Осылай дамыған күй жанры симфониялық, ұлт аспаптық оркестрлерінің репертуарынан кең орын алды.
Күй атасы атанған Құрманғазының өмір