Ахмет Байтұрсынұлының шығармалары
Қалайда халықты ояту, оның санасына, жүрегіне, сезіміне әсер ету жолдарын іздеген ақын айналып келгенде, ұлы Абай тапқан соқпақ, орыс әдебиеті үлгілерін пайдалану, аударма жасау дәстүріне мойынсынады. Бұрынғы ескі-ертегі, химия үлгілері емес, енді жаңа өлеңдік форма мысал арқылы, көшпелі елдің жақсы білетін стихиясы – жан-жануар өмірінен алынған шығармалар арқылы әлеуметтік ойға ықпал ету мақсатымен Иван Андреевич Крылов туындыларын аударып, “Қырық мысал” деген атпен 1909 жылы Петербургтен бастырып шығарды.
Бір жағынан қызықты форма, екінші жағынан ұғымды идея, үшінші жағынан, қазақ тұрмысына ет-жақын суреттер ұласа келіп, бұл өлеңдерді халықтың төл дүниесіндей етіп жіберді.
Жүк алды шаян, шортан, аққу бір күн,
Жегіліп тартты үшеуі дүркін-дүркін,
Тартады аққу көкке, шаян кейін
Жұлқиды суға қарай шортан шіркін.
Бұл бағытта жазылған, бірі-бірімен сабақтас мақалалар өте көп. “Оқу жайы” (“Қазақ”, 1913, № 11) мақаласында өз кезіндегі мектептер ісін тиянақтай отырып, сол тұстағы Қостанай уезіндегі сауаттылық мәселелерін қозғайды, әрбір жүз кісіден 6 еркек қазақша, әрбір мың кісіден 6 еркек орысша, әл әрбір үш жүз кісіден 1 әйел қазақша, төрт мың кісіден 1 әйел орысша хат таныды деген дерек келтіреді. “Қазақша оқу әлі бір белгілі тәртіпке келіп жеткен жоқ, кемшілігі есепсіз көп. Қазақша оқу кітаптары жаңа ғана көрініп келеді. Тәртіппен оқытарлық мұғалімдер аз, оқу программасы жоқ, белгілі оқу жолы жоқ, салған мектептер жоқ, мұғалімдерге арналған айлық жоқ, оқытудың қазақша оқуды аймаққа бірдей жеткілікті ететін жасалған өрнек жоқ, оқыту ғылымын үйрететін даримұғалимун (педучилище) жоқ” деп күйзеледі. Мұның үстіне автор қазақша, орысша, екі тілде білім алу жүйесін ерекше қолдап, “жалпақ жұрттың қолы орысша оқуға түгел жетсін, оқымаған жан қалмасын” деп дәл қазіргі күндегі тәуелсіздік шарттары алға міндет етіп қойып отырған терең білім беру принциптерімен үндес тұжырым жасайды.
Ал, революциядан бұрын жазған еңбектердің басым көпшілігінің негізгі идеясы ағартушылық, демократтық, прогрестік биік нысана, олар біздің азаматтық, рухани дамуымыздағы маңызды, мәнді кезеңдер шындығын ашады, бірқыдыру ойлар, пікірлер дәл қазіргі уақытқа қызмет ететінін көруге болады.