Ақжан Жақсыбекұлы Әл-Машани
Халқымыздың “Жақсы адам-қазына” деген нақыл сөзі бар. Сондай адамдардың бірі емес, бірегейі Ақжан Жақсыбекұлы Әл-Машани өміріне көз жіберсек, ол кісінің өте бір бай өмір кешкенін байқаймыз.
Байлық деген, біреу үшін ақша, біреу үшін дүние-мүлік. Әрі беріден соң, біздің жер астындағы қазба байлықтармызды ысырапсыз пайдалана берсек, қайтадан қалпына келмейтінін, сарқылатынын білеміз. “Сонда таусылмайтын қазына не?” – дегенде, ол – адам бойына ана сүтімен бітетін дарын. Дарынды адамдар күнделікті өмірде, қарым-қатынаста, жұмыста, үйде, түзде жан- жағындағы адамдарға бойындағы қабілеттің шуағын шашып жүреді. Сондай, өмірінің ақырғы сағатына дейін біздерге білім мен ғылымның, өнеге мен үлгінің нұрын шашқан, таусылмас қазына қалдырып кеткен академик, Қазақстан ғылымына еңбек сіңірген қайраткер, профессор Ақжан Жақсыбекұлы Әл-Машани еді.
Ақжан Жақсыбекұлы 1906 жылдың 2 қарашасында Қарағанды облысы, Қарқаралы ауданында дүниеге келген. “Тұлпар аунаған жерде түк қалады” дегендей, Ақаң атышулы Машан бидің немересі.
Абай атамыздың 150 жылдық тойы тұсында жазылған “Әл-Фараби және Абай” атты кітабы өзінің мән-мағынасымен, ойшылдық, талдау болжамдарымен аса құнды, халқымыздың мың жылдық мәдени тарихының үндестігін зерделеген еңбек. Ақжан Жақсыбекұлы Абай дүниетанымын, ғылымның бастауы орта ғасырлық, араб, шығыс елдерінде жатқандығын, оның көш бастаушысы ұлы бабамыз Әл-Фараби болғандығын, сөйтіп екі дананың арасын жалғастырар ғылымның даңғыл жолын баяндаған, сонау мың жылдан астам уақыт өткен Әл-Фарабиден кейін, оған ой өрісі жақын. Парасаты кең, ойшыл Абай екенін дәлелдеген.
2001 жылдың 12 қазанында Оңтүстік Қазақстан облысының сол кездегі әкімі Б.Сапарбаевтың қолдауымен халықаралық деңгейде Әл-Фарабидің 1130 жылдығы аталып өтті. Әкім бекіткен арнайы сыйлық және Әбу Насыр Әл-Фараби атындағы сыйлықтың №1 куәлігі артына мол мирас, өшпес іс қалдырған Әл-Машаниға берілді.
Әл-Машанидің ғылымға қосқан зор үлесін және ғылыми педагогикалық қызметін жұртшылық пен Үкімет жоғары бағалады. Ол Ленин, Еңбек Қызыл Ту ордендерімен, көптеген медальдар және Қазақ КСР Жоғары Кеңесінің Құрмет грамоталарымен марапатталды. Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ жанындағы жаратылыстану гуманитарлық институтына Ақжан Әл-Машани есімі берілген.
Әл-Машани барлық ғылымдардың басын біріктіруші – ислам дініне, мұсылманшылыққа, ислам философиясына ден қойған ойшыл ғалым. Ол ғылым мен ислам діні байланысының сырын ашқан, “екеуін бірінен-бірін айыруға болмайтынын”дәлелдеп кеткен.
“Алдаспан” тәуелсіз журналының бас редакторы Қазтай Әбіш тоқсан бір жастағы Әл-Машаниден (қайтыс боларынан бір ай бұрын) сұхбат алған болатын. Сонда журналист соңыңыздан ерген інілеріңізге, шәкірт балаларыңызға өсиет етер аманатыңыз қандай – деп сауал қойғанда, Ақаң былай деген болатын: “Кісіліктің өлшемі – білімділік. Қазақ жастары тек білімге ұмтылулары керек. Тәуелсіз мемлекетіміздің тұтқасын ұстау үшін де білімді болуы керек. Ал бар ғылымның тоғысар арнасы, зәулім шырқау шыңы – қасиетті Құран кітабын оқуды аманат етемін. Ислам діні – ең таза, ғылымға негізделген. Исламның бір үлкен парызы – ғылым. Ата-бабаларымыз қастерлеген сол дінді қадірлеп, имандылыққа бет бұрған ұрпақтарымның ертеңгі өмірі арайлы болатынына сенемін”.
Бұл айтылғандардың барлығы Ақаңның “Исламның ғылыми негіздері” атты қолжазбасында баяндалған.