Әбілқайыр хан(1693-1748)
ӘБІЛҚАЙЫР, Әбілқайыр Мұқамбет Ғази Баһадүр хан (1693 — 12.08.1748) — хан, қолбасшы. Шыңғыс хан әулетінің кіші буыны — Өсеке ұрпағы, Қажы сұлтанның баласы. Соғыстарда батырлығымен, айлакерлігімен, шабуылдарды ұйымдастыра білуімен аты шығып, мұрагерлік жолмен емес, өз беделімен Кіші жүздің ханы болды (1710— 12.08.1748). 1715ж. Тәукен хан өлгеннен кейін үш жүздің бас хандығы тағына үміткерлердің бірі болды. Бірақ мұрагерлік жолмен Тәукенің ұлы Болат бас хан сайланды. Әбілқайыр қазақ қалмақ қарым-қатынасы мейлінше шиеленісіп тұрған 1716 — 18 ж. Ресей империясынан көмек алу мақсатымен Сібір губернаторы князь М.П. Гагаринге, Уфа воеводасына хат жазып, қазақтардың ахуалын біршама реттеуге ат салысты. 1723 жылға дейін Түркістанда тұрып, одан жоңғар басқыншылары қуып шыққаннан кейін Бұхар мен Хиуа хандықтарының шекарасындағы өзіне қарайтын көшпелі тайпаларға қоныс аударды.
Қазақ даласын отарлаудың тірегі болған Ор бекінісін салуды өзі ұсынды (1735). 1737 - 38 жылғы башқұрт халқының отаршылдық езгіге қарсы көтерілісін басуға қатысуы туысқан екі елдің қарым-қатынасын шиеленістірді. Әбілқайырдың дербестігі мен қазақ даласына жайылып кеткен атағы кейбір сұлтандарға ұнамады. Солардың бірі — Орта жүздің сұлтаны Барақ Ор бекінісінен қайтып келе жатқан Әбілқайыр мен ен далада кездесіп қалып, оны өлтіреді. Ханның серіктері де сол жерде қаза тапқан. Бірақ Барақ Әбілқайырды "орысшылдығы" үшін емес, өзінің жеке басының мүдделерін көздеп "қарақшылық" іске барған еді. Әбілқайырдың моласы Қабырға өзенінің Ұлқүяққа құятын тұсында, Торғай қаласынан 80 шақырым жерде. Кейін бұл ара Хан моласы аталды. Әбілқайырдан көптеген ұрпақ қалған.