Ана тілі сабағында сыни тұрғыдан ойлау мен жазу технологиясы
Қазіргі таңда білім беру жүйесінде оқытудың жаңа технологиялары ғылыми сараптамадан өтіп, республикамыздың жоғары оқу орындарынан бастап, мектептеріне дейін енгізіліп, қолданылып жатыр. Бастауыш сынып деңгейіндегі тың әдіс - тәсілдер баланың келешекте саналы, өзіндік ойы, көзқарасы, пайымдауы бар жеке тұлға ретінде қалыптасуына үлкен ықпал етеді деп есептеймін. Мәселен, ғимараттың беріктігі, сәулеті, оның негізіне (фундаментіне) байланысты болса, баланың да қалыптасуы мектеп табалдырығын аттағаннан - ақ бастауыш сыныптардан басталады. Сондықтан әрбір сабақтарымда осы ұстанымды басшылыққа алып отырамын. Бүгінгі баяндамамда бастауыш сыныптарындағы ана тілі сабақтарымда қолданып жүрген кейбір инновациялық технологияға тоқталып өткім келеді.
Сын тұрғысынан ойлау - сынау емес, шыңдалған, бірін - бірі толықтырған ойлау десек қателеспейміз /1, 24/. Сын тұрғысынан ойлау технологиясымен жұмыс жасаған кезде, әсіресе, ана тілі сабағында ұжымдық жұмыс істеуде оқушылар сыйластығы артып, пікір айтуға, тыңдауға, шығарманың идеясын өзі тауып, өз көзқарасын қалыптастыруға, түйін түюге, өз бетімен тұжырымдар жасауға т.б. нәтижелерге жетуге болады. Күтілетін нәтиже (1 - сызба).
Топтастыру стратегиясының мақсаты - әуелі, балалардың оқып отырған тұлға туралы не білетінін анықтау, екіншіден, жауаптарын жаңа сабақты өткеннен кейін алынған мәліметпен салыстыру, үшіншіден, тексеру арқылы түзету. Жоғарыдағы 2 - сызбаға назар аударсаңыздар, балалардың қате жауабының түзетілгенін аңғарамыз. Бұл бала жауабының дұрыс - бұрыстығын бірден кесіп айтпай, сабақ соңында жаңа мағлұмат берілгеннен кейін ғана ұжымдық тұрғыда түзетілетінін аңғартады. Кейде қате жауап берген бала өзінің жауабын өзі түзететін тұстары да кездеседі. Осы әдіс баланың қызығушылығын тудырын, сабаққа деген ынтасын арттырады.
Бір сабақтың үстінде бірнеше стратегия қолдану шарт емес. Тақырыптың мазмұнына қарай 2 - 3 стратегия жеткілікті, ал басты мақсат - тақырыпты толық ашу.
Мысалы, 3 - сыныпта «Өткен өмірден» бөлімін оқығанда оқушыларды қазақтың билері, батырлары т.б. қайраткерлермен таныстырамыз.
Ана тілі сабағында бастауыш сынып оқушысының әрі жазбаша, әрі ауызша сөйлеуі дамиды. Ана тілі сабағының мақсаты да сол - келешек ұрпақтың тіл мәдениетін жоғары деңгейге көтеру.