Еңбек құқығының қайнар көздері
Еңбек құқығының қайнар көздері – бұл қай органның қандай мәселелерге қатысты қабылдағанына байланысты ерекшеленетін еңбек заңнамасының нормативтік құқықтық актілері. В.Н.Уваров атап өткендей, еңбек құқығы қайнар көзінің түсінігі тура мағынада еңбек құқығының нормаларына бастама беретін, еңбек туралы нормаларды туындататын және олардың мазмұны анықталатын қасиеттен тұрады, сондықтан еңбек құқығының қайнар көздерін 2 құрамдас бөліктің: еңбек туралы құқықтық нормалардың материалдық мазмұнының және нысанының біртұтастығы ретінде сипаттауға болады.
Еңбек заңнамасы саласындағы негізгі нормативтік құқықтық актілерге ҚР Конституциясы, конституциялық заңдар, еңбек туралы жекелеген заңдар, Қазақстан Республикасы Президентінің нормативтік құқықтық жарлықтары, ҚР Үкіметінің, Конституциялық Кеңесінің және Жоғарғы Соттың қаулылары, министрліктердің және өзге де орталық мемлекеттік органдар басшыларының нормативтік бұйрықтары, еңбек мәселелері жөніндегі мемлекеттік комитеттердің және өзге де орталық мемлекеттік органдардың нормативтік қаулылары, мәслихаттар мен әкімдердің еңбекті ұйымдастырудың жергілкті мәселелері жөніндегі нормативтік шешімдері жатады.
Халықты еңбекпен қамту туралы заң. Елімізде жұмыссыздық деген пайда болып, жұмыссыздардың саны көбейіп келе жатқан жағдайда қабылданған бұл акт – біздің республикамыздағы халықты еңбекпен қамтуға бағытталған алғашқы заң. Аталған заң еңбекпен қамту қағидасын бекітіп, «еңбекпен қамту», «жұмыссыз», «жұмыссыздың мәртебесі» сияқты түсініктерді анықтады, сонымен қатар, мемлекеттік органдардың жұмыс берушілермен және жұмыссыздармен қарым-қатынастарын реттеді.
Осы заңға сәйкес еңбекпен қамту және жұмысқа орналастыру органдары да жұмыс істейді. Қызметкерлер еңбек шартын бекітпестен бұрын аталған органдармен қатынасқа түседі.
Қазақстан Республикасының Конституциясының 88-бабына сәйкес мәслихаттар мен әкімдердің нормативтік шешімдері тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің аумағында міндетті күшке ие. Егер мәслихаттардың шешімдері ҚР Конституциясына және заң шығарушы актілеріне қайшы болса, олардың күші сот тәртібімен жойылуы мүмкін. Ал әкімдердің шешімдері ҚР Конституциясы мен заң шығарушы актілеріне қайшы болса, олардың күші ҚР Президентінің, ҚР Үкіметінің немесе жоғары тұрған әкімдердің актілерімен жойылады, сонымен қатар, сот тәртібімен де жойылуы мүмкін.
Нормативтік құқықтық актілер өз күшіне келесі мерзімдерде енеді:
Нормативтік құқықтық актілердің күшіне ену уақытының маңызы өте зор, себебі, ол осы актілерде көзделген заңды жауапкершіліктің туындау мерзімдерімен және осы актілердің кері күші туралы мәселені шешумен байланысты. Жалпы ереже бойынша нормативтік құқықтық актінің күші бұл акт күшіне енгенге дейінгі қатынастарға таралмайды. Тек актінің өзінде немесе осы актінің күшіне енуі туралы арнайы заңда нормативтік құқықтық актінің не оның бөлігінің кері күші көзделсе ғана ол өзі күшіне енгенге дейінгі қатынастарды реттеуде қолданылуы мүмкін.