Иманжүсіп Құтпанұлы
Ішім өлген, дүние-ай, құр сыртым сау,
Маған десең, көз жасым, жаңбыр боп жау.
Бүркіт салып басыңа шығар ма едім,
Көзіме бір көрінші Ерейментау.
Несібемді жазған екен менің түзден,
Қойыпты күдер үзіп ел-жұрт бізден.
Қайран ел, оқта-текте еске түссең,
Жасымды тыя алмаймын екі көзден.
Иманжүсіп.
Қазақ халқында “Алмас қылыш қап түбінде жатпайды” деген тамаша бір сөз бар. Ен даланы еркін жайлаған халқымыз бес ғасыр бойы ат үстінен түспей, жаугер¬¬шілік заманды бастан кешірді. Қос бүйір¬ден аждаһадай ысқырынған қытай мен аюдай ақырған орыс қысқанда, лажсыз¬дан соңғысының қолтығына кіріп, бодан болды. Қала берді кешегі кеңестік дәуірде қитұрқы қызыл идеологияның құрсауына түсіп, жетпіс жыл бойы ұлттық құнды¬лықтарын, тілін, ділін, қасиетті дінін сақ¬тап қалу жолында жанкешті¬лік¬пен ар¬палысты. Жылжып жылдар өтті. Қай¬та оралудың ұлы кезеңі туды. Бары¬мызды түгендеп, жоғымызды жоқтай бас¬тадық. Нә¬тижесінде, тәуелсіз еліміздің аспанын¬да ояну дәуірі атанған кезеңде өз халқына барын арнаған, сол жолда жан¬дарын пида еткен асыл тұлғаларымыздың үлкен бір шоқ жұлдыздары қайтадан жар¬қырай көрінді. Солардың бірі де бірегейі, қатал да қатыгез тағдырдың ноқтасына басы сыймай өткен, заманында қазақ даласына атағы кең жайылған атақты да қас ба¬тырлардың бірі – Иманжүсіп Құтпанұлы.
Иманжүсіптің атасы Тұрғанбай датқа жайлы әңгімеде айтылғанындай, 1821 жылғы қанды оқиғадан кейін, Шашты қыпшақтың Құтым тармағынан тарайтын Сіргебай әулетіне бірі қалмай құрып кету қаупі төнгені белгілі. Осы қауіпті сезген Тұрғанбай датқаның әйелі Мәлике бір жасар ұлы Баймырза мен Тұрғанбайдың бес жасар інісі Басықараны алып қашып, Қаратаудың Өгізмүйіс деген жерін пана¬лайды. Екі баламен алысқа ұзай алмасын сезген соң өз ұлы Баймырзаны тасалау жерге жасырып, қайнысы Басықараны ертіп, Арқаға бет алады. Айдалада жасы¬ры묬ған, мойнында аманат белгісі бар шит¬тей жас баланы Қыр мен Сырдың арасына жиі қатынап жүрген керуеншілер ішіндегі Дайрабай есімді саудагер тауып алады.
Шынында да Иманжүсіп – сол кездегі патша өкіметінің заңдылық тәр¬тіп¬терін белден басып, өзінше есеп айы¬рысып кек алғаны болмаса, жөнсіз іске ешқашан да бармаған адам. Оған Ақмола қаласының байырғы тұрғыны, ұзақ жыл¬дар басшылық қызмет атқарып, 90 жастан асып дүниеден өткен Зәки Ғайну¬т¬диновтің мына бір әңгімесі тағы да толық дәлел болады.
...Атақты Қараөткел жәрмеңкесі қызу жүріп жатқан тұста, қандықол казактар сыныққа сылтау іздеп, қазақ ауылдарын қан қақсатады. Тіпті, бірнеше рет кісі өлімі болса керек. Құтырынған әуме¬серлерге жергілікті билік ешқандай тыйым салмайды. Тіпті ояздың өзі арыз-шағыммен келген ауыл қазақтарының сөзін құлағына ілмей, елдің көзінше мазақ қылады. Мына оқиғаға Иманжүсіп қатты ашуланып, қаһарына мінеді. Жәбірленген қазақтардың кегін алмақшы болып атына ер салып жатқанында, әлдебіреулер: “Қа¬раөткел базарына қазақ сал-серілерінің өнерін тамашалау үшін ояз келеді екен” деген хабарды жеткізеді. Мына хабар құлағына тиісімен салып-ұрып Иманжүсіп те келеді. Атақты Уәлидің Майрасының та¬мылжыта салған бұлбұл дауысына (бас¬қа бір әнші болуы мүмкін, ел ішінде ояз¬дың көзінше ән салған Майра деп айты¬ла¬ды) тәнті болған ояз биік сахнаға көте¬рі¬ліп, Майраның қолын сүйіп, құрмет көрсетеді.
Оңтайлы сәтті күтіп тұрған Иманжүсіп ояздың жанына қалың топты бұзып-жарып жетіп келеді.
– Әй, ояз! Сұлуымыздың қолын сүйдің, енді менің арызымды тыңда, – деп болған оқиғаны тайсалмай айтып береді.
– Бұл кім өзі? – дейді ояз қасын¬дағыларға бұрылып.
– Белгілі барымташы, ұры – Иманжүсіп осы, – дейді қазақ байшікештерінің бірі.
– А, вот в чем дело! Тебя дорогой, слу¬¬шать не обязательно, надо судить, – деп биік сахна мінберінен түсуге бет алады.
Басты өкініш сол, елім деп еңіреп өткен есіл ерді туысқандары мен артында қалған ұрпақтары оны мұсылман дәстүрімен арулап көміп, жоқтау айтып, жылап-сықтап шығарып сала алмады. Бірақ оның есімі туған халқының жү¬регінің төрінен орын алып, бостандықты, елінің тәуелсіздігін жұмыр жердің бетіндегі барлық құндылықтардан артық көріп, өзін қазақпын деп санайтын әрбір азаматтың санасында жатталып қалды.
Иә, ол – бостандыққа қол жеткен қа¬зіргі тұста ескерткіші немесе қола мүсіні Сыр бойы мен Арқа өңірінде төбесі көк тіреп тұруға лайықты азамат. Бар қазақ¬тың баласы Түркістанды киелі санап, тәу етіп, қастерлеп, қадір тұтады. Міне, осы Түркістан мен халқының бостандығы және тәуелсіздігі жолында құрбан болған Тұрғанбай датқаның есімі қатар аталса мерейіміз өсіп, рухымыз асқақтай түспей ме. Халқымыздың бір әулетінің үш бірдей ұрпағы – атасы, баласы, немересі туған елінің еркіндігі жолында қатерге бас тігіп, өмірлерін құрбан етсе, оларды біз неге дәріптемейміз? Олардың өмір жолын бүгінгі және келер ұрпаққа неге үлгі етіп ұсынбаймыз?!