Загрузка страницы

Для Казахстана

Курсовые

Дипломные

Отчеты по практике

Расширенный поиск
 

Предмет: Қазақ тілі мен әдебиеті

Тип: Дипломдық жұмыс

Объем: 65 стр.

Год: 2013

Предварительный просмотр

Қазақ тіліндегі ұлттық мәні бар атаулардың танымдық мәні


МАЗМҰНЫ
КІРІСПЕ 5
1 Тілдің танымдық сипаты 7
1.1 Тіл – ұлт болмысын сипаттайтын мәдениет 7
1.2 Қазақ тіліндегі ұлттық мәні бар сөздерді зерттеудің маңызы 11
1.3 Қазақ мәдениетін таңбалайтын лексемалар 19
1.4 Түйе атауларының мифтік-салттық мазмұны 22
2 А.Құнанбаев шығармаларындағы ұлттық мәні бар атаулар 29
2.1 Қазақ тіліндегі “жайлау” лексамасының әлеуметтік мәні 29
2.2 “Қымыз” концептісінің әлеуметтік мәні 34
2.3 Саятшылыққа қатысты этномәдени лексиканың мәні 41
2.4 Киім атауларының этнолингвистикалық сипаты 48
2.5 Лингвомәдени бірліктер мәні 55
ҚОРЫТЫНДЫ 63
ПАЙДАЛАНҒАН ӘДЕБИЕТТЕР 65

КІРІСПЕ
Тақырыптың өзектілігі: Тәуелсіз мемлекет ретінде қазақ елінің қазіргі таңда алдында тұрған басты міндеттерінің бірі – өткенін сұрыптап, бүгінгісін таразылап, болашағын бағдарлау. Осымен байланысты мәселенің өзегі ұлтты ұйытып, тұтастыратын арқауды анықтау десек, ол арқау – тіл. Тіл құдіреті арқылы ұлттың рухани тарихы мен таным-тәжірибесін сақтайтын қазынасы бізге жетеді, танылады. Кешегі өткен ата-бабаларымыздың елдік мұрат-мүддесі мен азаттық үшін күрестегі ұлттық рухын көтеретін қуатты құралы болса, бүгінгі таңда да тіл ұлтты тұтастыратын ұлттық идеяның негізгі мәні және құралы болуға тиіс.

1 Тілдің танымдық сипаты
1.1 Тіл – ұлт болмысын сипаттайтын мәдениет
Тілді адамның әлеуметтік тұрмысын қамтитын мәдениеттен, тарихтан тыс қарапайым таңбалық жүйе деп қарастыру ол туралы түсінікке кереғар әсер етеді және зерттеудің мүмкіндіктерін шектейді. Демек, тіл көнеден айтылып келе жатқандай, таңбалар жүйесі ғана емес, ол осы жүйені көмкерген мәдениет, сондықтан да ол әр халықтың ұлы мұрасы, ұлттың тарихи жетістігі. Академик Ә.Қайдар мәдениет терминіне төмендегідей анықтама бере отырып, «мәдениетті танып-білудің құралы – тіл» деп тұжырым жасайды: «Мәдениет» жеке адамның басына тән қасиеттен басталып, бүкіл ұлттық менталитетті, ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық сана, дүниетаным, салт-дәстүр, рухани-материалдық байлықтың бәрін түгел қамтитын өте күрделі ұғым. Бұл мәдениет – әрбір этносқа тән белгілі бір табиғи-әлуеметтік ортаға сәйкес қалыптасатын құбылыс. Өмір-тіршілік салты да, ортақ тіл, ортақ дүниетаным, ортақ психология т.т. – осының бәрін біз этнос мәдениетінен таба аламыз. Ал, соның бәрін танып-білудің ең басты құралы – тіл екендігін мәдениеттанушы ғалымдардың бәрі мойындайды».

1.2 Қазақ тіліндегі ұлттық мәні бар сөздерді зерттеудің маңызы
Бүгінгі таңдағы өркениетті елдерді этнос ретінде түбегейлі танытатын тілінде қалыптасқан деректері арқылы тіл мен мәдениет, тіл мен ұлт сабақтастығында жүргізілетін лингвомәдениеттанымдық зерттеулердің өзектілігі ерекше. Осы орайда тілдік мұра арқылы ұлтты, ел мәдениетін барынша толық танытудың негізгі бір тетігі – ұлттық әлемнің тілдік үлгісін жасау, ұлттық мәдениеттің кілтін ашу. Оның мәні тілдің тек коммуникативтік қана емес, мұрагерлік те, танымдық та, танытушылық та қызметімен байланысты.

1.3 Қазақ мәдениетін таңбалайтын лексемалар
Ұлттың, этностың жеке ерекшелігін, өзге ұлттардан айырмашылығын, өзгешелігін танытатын тілдік бірліктердің бірі – этномаркерленген лексемалар. Жалпы лингвомәдениеттану саласында ұлттық мәдениетті таңбалайтын бірліктер ретінде ұлттық-мәдени концептілерді, лингвокультуремаларды (лингвомәдени бірліктер) келтіретін болса, этнолингвистика саласында жеке бір ғана ұлтқа тән ерекшеліктерді бейнелейтін ұғымдарды этнографизмдер деп атайтыны белгілі. Дегенмен, осы екі саладағы лингвокультурема, этнографизмдер мен одан туындайтын тұрақты тіркестердің түп тамыры ұлт санасында тұрақты түрде сақталып, этномаркерлік деңгейге жеткен таңбалардан бастау алады.

1.4 Түйе атауларының мифтік-салттық мазмұны
Қазақ халқының дәстүрлі тұрмыстық санасынан мал шаруашылығының ғасырлар бойы қалыптасқан сан алуан тәжірибесімен қатар, төрт түліктің бірі, түлік төресі түйеге байланысты әдет – ғұрыптар мен салттар, ырымдар, ойындар көптеп орын алған. Қазақтың жануарларға қатысты (зоонимдік) лексикасында түйе шаруашылығы және түйе атауларымен байланысты лексика кең дамыған әрі жіктелген: айыр түйе, нар түйе, бота, көшек, нарбота, тайлақ, сүттайлақ, құнанша, дөненше, тығыршын, соқтан, буыршын, атан, атанша, інгенше, мая, аруана, тұмса, нар, нарша, үлек, бура, алаша, жампоз, біртума, түс айғыр, ләкір, әле нар, қоспақ, балқоспақ, және т.б. Осы аталған атаулардың біраз бөлігінде киелі семантика бар екендігі және лексикада киелі жануарлардың осы түріне қатысты мифтік – салттық ырымдар мен наным – сенімдерді көрсететіндігі даусыз.

2 А.Құнанбаев шығармаларындағы ұлттық мәні бар атаулар

2.1 Қазақ тіліндегі “жайлау” лексамасының әлеуметтік мәні
Тілдің қоғамдық қызметі мен әлеуметтік мәні және таңбалық сипаты сияқты бірқатар мәселелер зерттеу барысында «таза» лингвистикалық заңдылықтармен қатар, философиялық қағидалардың да басты әдіснамалық бағдарына айналғаны белгілі [30, 144]. Оның бір себебі – тілдің ерекше философиялық категория болғандығымен шарттас келсе, екінші уәжі философияның тек реалды, шынайы дүниенің мән-мағынасын айқындаумен шектелмей, оны адамның болмыс-бітімі арқылы дәйектейтін ғылыми ұстанымына байланысты болса керек. Ал оның мазмұны тіл арқылы ғана танылатыны ақиқат. Лингвистиканың объектісін (нысанын) анықтауда философиялық тұжырымдар беріліп жатуы да заңдылық болып табылады [31, 46]. Лингвистикалық философия тіл мүмкіндігін тарылтпай, оған үнемі жол ашып отырады, өйткені тілдің ғалам мен адамның қатынасын анықтайтын әлеуеті мықты.

2.2 “Қымыз” концептісінің әлеуметтік мәні
Адамдар өз өмір тәжірибесінде объектив дүние сырын танып, біле түскен сайын, өмір құбылыс, зат мәні туралы түсінігі өзгеріп отыратыны белгілі, ал соған сай өздері бұрын таныған құбылыс мағынасында да өзгерулер мен жетілу, толысу болатыны анық, яғни концепті мағынасын ашып көрсеткенде, оның басты семантикалық өрісімен қатар, нақты бір жағдаятқа сай толығып қосылған немесе өзгеріске түскен сипат-белгілер жайы да сөз болмақ, себебі мәдениет дамуы, саясат ықпалы, уақыт таңбасы, идеологиялық бағдар сияқты объективті факторлардың әсері болары сөзсіз.

2.3 Саятшылыққа қатысты этномәдени лексиканың мәні
Абай шығармаларындағы кейбір этномәдени бірліктердің мәні арқылы кодқа салынған ақпараттар мазмұнын ашу ақынның менталды дүниесі мазмұнын жан-жақты ашуға септігін тигізеді. Шығармадағы тілдік таңбаның денотативті, коннотативті мағынасын білдіру үшін рухани мәдени дереккөздерді саралауға, экстралингвистикалық барлау жасауға тура келеді. Тілдік таңбаның мән-мағынасын жете түсіну үшін халықтың рухани дүниесінен, өмір тарихы мен мәдениетінен жеткілікті ақпарат иеленгенде ғана түсінік толымды болатыны сөзсіз. Тіл тұтынушының тілдік санасында аялық білім үлкен роль атқаратыны белгілі. Ал аялық білім тілдік ұжымның өмір жолында ғасырлар бойы жинақтаған тәжірибесі негізінде қалыптасады. “Сөз авторы өзінің санасында қорытылып, өңделген ақпаратты кодқа салады. Тілдік ұжым мүшелерінің когнитивтік санасындағы білім қорының құрылымы күрделі болып келеді. Олар тілдік білім, тілдік емес білім, аялық білім деп үлкен үш топқа бөлінеді... Тілдік таңбалардың мағынасы адресат-сана мен адресант санада бірдей ұғынылуға тиіс” [36, 12] .

2.4 Киім атауларының этнолингвистикалық сипаты
Киім атаулары әлеуметтік мазмұн иеленген этнотаңбалы мәнде қолданылады.
Ғылыми зерттеулерде көрсетілгеніндей, құрылымдық тіл білімінде сөздің танымдық табиғатына, тіл ↔ этнос байланысына жете мән бермеді. Тіл мен тіл иесі халықтың тарихи тамыры, рухани құндылықтары объективті елеп-екшеле бермеді деуге болады. Абай шығармалары эстетикалық сипаттағы немесе адамның рухани әлеміне әсер ету құралы ғана емес, суреткердің шығармашылық шеберханасынан қазақ халқының ұлттық болмысы мен салт-санасы, тұрмыс-тіршілігінің суретін танып, жалпы мәдениеті жайлы мол мағлұмат алуға болады.

ҚОРЫТЫНДЫ
Тіл біліміндегі соңғы зерттеу бағыттары мәтіннің тілдік ерекшеліктерін талдаумен шектелмей, оның танымдық құндылығын анықтауға жете көңіл бөлуде.
Дүниенің тілдік бейнесі – тіл тұтынушы санасында қоғамдық өзгерістер ықпалы мен субъектінің жалпы өмір сүру тәжірибесіне байланысты толығып, дамып өзгеріп отыратын, уақыт пен кеңістік мазмұны дүниенің тілдік бейнесіне өз таңбасын салатын танымдық қорытынды.