Отбасылық тәрбие, оның тарихи негіздері
Отбасы, жанұя, үйелмен, семья деген атаулар бір мағынаны береді.
Мәселен, «Отбасы – семья, үй деген сөздің синонимі» ( 1, 615 ), яғни бір оттың (ошақтың) басында өмір сүріп жатқан қандастар.
«жанұя - өмірдегі туысқандық қарым – қатынастық ортақ белгісі» (2, 43)
«Үйелмен – ғасырлар бойы өмір сүріп келе жатқан адам баласының әлеуметтік ортасы» (3,334)
«Семья-некеге немесе қандас туысқандыққа негізделген қоғамдық шағын топ, адам тұрмысын ұйымдастырудың бастапқы формасы» (4,126)
Осы төрт анықтамадан түйіндейтініміз – адамның өз өмірінің негізгі процестерін бастан кешіретін кіші әлеуметтік топ отбасы болып табылады. Отбасындағы әрбір адам өмірінің онымен тығыз байланыстылығы сонша, ол әрбір отбасы мүшесінің дамуына шешуші әсер етеді.
Отбасы - қоғамдық қатынастар мен процестердің алуан түрлі формалары біртұтас болып ұштасатын комплексті әлеуметтік құбылыс. Сондықтан да отбасыға объективтік тұрғыдан ғылыми зерттеу жүргізу оңай емес.
Адам мен қоғам үшін отбасының маңызы, атқаратын қызметі алуан түрлі болғандықтан оны зерттеуші қоғамдық ғылымдар да көп. Бұл ғылымдардың әрқайсысы өз анықтамасын беруге тырысады.
Философиялық тұрғыда «отбасы» - қоғамның ажырамас құрамды, өмірде зор мәні бар кішігірім ұйымы деп санаса, әлеуметтану ғыымында отбасы - некеде және қандас туыстар негізінде құрылған кішігірім топ деп берілген. Оның мүшелері бір-бірімен тұрмыстық, моральдық жауапкершілік, өзара жәрдем көрсету қарым-қатынаста болып, әлеуметтік құрылыс ретінде қоғамның экономикалық базисінің дамуына байланысты өзгертіп, жекелей дербестікте болады деп көрсетеді.
Ал, педагогикалық – психологиялық тұрғыда отбасы – ата-ана мен балалар арасындағы, ерлі-зайыптылардың және басқа да отбасы мүшелерінің қарым-қатынасының тарихи нақты жүйесі болып табылады.
Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «Отбасы» - өзіне, «неке мен қандас туысқа негізделген шағын топ» (10, 54) деп анықтама берілген. Оның ерекшелігі- тұрмыстың ортақтығы, өзара көмек және рухани жауапкершілік арқылы байланысқан. Қоғаммен, бүкіл қоғамдық қатынастардың жүйесімен тығыз байланыста бола тұрса да, отбасы - қоғамдық өмірге қарағанда адамдардың белгілі дәрежедегі дербес сырлас тобы.
Қандай да тұйық, жабық отбасы болғанымен ол қоғамсыз өмір сүре алмайды. Өйткені оның мүшелері жан-жақты әлеуметтік топтарға, яғни өндірістік, оқу ұжымдарына, балалар ұйымдарына, қоғамдық ұйымдарға, сонымен қатар сауда, денсаулық орындарына қатысты, ондағы адамдармен тығыз байланыста болады.
Сонымен қатар отбасы қоғамдық қарым-қатынасқа оның барлық өмірінің үрдісіне ықпалын тигізе алады. Отбасы адамдарға қажеттілігін қанағаттандырып қана қоймай, бірқатар әлеуметтік функциялар орындалып, қоғамның әлеуметтік құрылымы, бір элементі болып табылады.