Загрузка страницы

Для Казахстана

Курсовые

Дипломные

Отчеты по практике

Расширенный поиск
 

Предмет: Тарихы

Тип: Бақылау жұмыс

Объем: 18 стр.

Год: 2012

Полный просмотр работы

Тәуелсіз Қазақстан: тарихы және зерттеу методологиясы


Жоспар
1 Тәуелсіз Қазақстан: тарихы және зерттеу методологиясы 3
1.1 Методология - ақиқат кілті 3
1.2 Азаттық кезеңдері 4
1.3 Адам - методология мәйегі 6
1.4 Билік және тұлға 11
1.5 Методология және ұлттық мүдде 13
1.6 Ұлт тарихы және әлемдік үдерістер 16
1.7 Тарих таразысы 18

1 Тәуелсіз Қазақстан: тарихы және зерттеу методологиясы
1.1 Методология - ақиқат кілті
«Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламадан» бергі уақыттың бедерінде Ресейге бодандықты мойындаумен жат жұртқа телмірген қазақ халқының санасы мен жан - дүниесін мазалаған түйткілді ойы ұлттық һәм мемлекеттік тәуелсіздік еді. Азаттық жолында қанды майдан жорықтар мен құрбандықтар аз болған жоқ. Ол тіпті «адамзаттың жарқын болашағы - коммунизм» құру тұсында да жалғаса берді. 1991 жылғы 16 желтоқсанда жұлдызды сәт туды. Содан бері бір ұрпақ өсіп - өнген мерзім өте шығыпты. Қария тарих үшін қас - қағым сәт болғанымен елім, жерім деп ет жүрегі елжіреген әрбір қазақ баласын тебіренткен үміт пен күдікке толы жылдар артта қалды. Барымыз бен жоғымызды ғылыми зерделеудің, әсіресе азаттық тарихы мен тағылымын тереңнен толғаудың методологиялық ұстанымдарын дәйектейтін уақыт келді. Әрине, мәселенің шешімін әр ғылым өз биігінен пайымдайтыны ақиқат. Солардың қатарында тарих ғылымының өздік методологиясы болғаны абзал.

1.2 Азаттық кезеңдері
Бүгінгі Қазақстанды кеңестік дәуірдегі, тіпті 1991 жылғы Қазақстанмен салыстыруға келмейді. Заң өзгерді, заман өзгерді, адам өзгерді. КОКП өктемдігін көрмеген, Лениннің атын естімеген ұрпақ өсіп шықты. Бірақ социализмнен кеткенімізбен біз өтпелі кезеңді бастан кешудеміз. Оның мәнісі таптық күресті бәрінен жоғары қойған марксшілер айтқандай «Кімді кім жеңеді» емес, тіпті Америкадағы, Еуропадағы, Азиядағы табысты мемлекет моделіне ұқсау да емес. Мәселе - кешегі отарланған, кеңестік тоталитарлық зорлық пен модернизацияны басынан өткізген Қазақстан сыртқы фактордың әсерімен жабысқан экономикалық, әлеуметтік, мәдени, тілдік, т.б. дертінен айығып, өздік даму жолын қашан табатынында. Мемлекеттік билігі мен заңы әлемдік озық үлгіге сай, байлығы кедейшілікті жеңген, бірлігі мен тұтастығы ұлттық қауіпсіздік үдесінен шыққан, демократиясы өз қолындағы елге айналумен өтпелі кезең аяқталады.

1.3 Адам - методология мәйегі
Біздің қазіргі тарихымызда геосаяси орналасуымыздың, мол қазба байлықтары үстінде отыруымыздың, көпұлтты, көпдінді халық құрамының әсер - ізі сайрап жатыр. Әлемнің түкпір - түкпіріне шашыраған қазақтардың тарихи Отанына оралуы, Қазақстан халқы Ассамблеясы сынды бірегей құрылымның пайда болуы, ядролық державалардың Қазақстан қауіпсіздігіне кепілдік беруі, индустриялық - инновациялық даму, «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламаларының жүзеге асуы, тағы басқа үдерістер азаттық тарихының ерекшеліктерін айшықтауда. Ал осы ерекшеліктердің өзегінде азаттықты қастерлеген, ұлтаралық келісім мен үйлесімді сақтай алған, Абай өсиеттеген барша адамзатты сүюге ықыласты қазақ факторы түр.

1.4 Билік және тұлға
Орталықтың өктемдігінен енді ғана құтылған Қазақстанға - өтпелі кезеңдегі жас мемлекетке қоғамдық - саяси, экономикалық - мәдени биік белестерге шығуы үшін халық мүддесін қорғайтын заңнамаларға қоса тегеурінді билік вертикалы керек. Басқаша айтқанда, методологиялық басымдықты адам факторымен байланыстырғанда оның жабық, көзге көріне бермейтін («адам аласы ішінде») қасиеті бар екендігін ескеріп, нысаналы - мақсатты әрекетін ұйымдастыратын мемлекет, билік, құқық жүйесіне ерекше мән беретін уақыт келді. Әзірге тарихшы - ғалымдар тәуелсіз мемлекет, билік, құқық тарихының методологиясын зерделеуде көп іс тындыра қойған жоқ. Бүл міндетке артылар жауапкершілік зор екенін өмірдің өзі дәлелдеді. Бізді мұндай пайымға жетектеген себептер:

1.5 Методология және ұлттық мүдде
Көшбасшылар мен халыққа қатысты методологиялық ұстаным қазіргі Отан тарихындағы ұлт факторын дөп басып тануға септеседі. Әрбір ұлт өзінің таңдаулы ұл - қыздарымен мақтануы әсте бекер емес. Демократиясы мен нарықтық экономикасы уақыт сынынан өткен АҚШ, Англия, Франция, Германия тәрізді дамыған елдерде ұлт мәселесі ауық - ауық көтеріліп жататынын ескерсек, өтпелі кезеңдегі көпұлтты Қазақстан үшін оның тағдыр анықтағыш мәні бар. Тап осы мәселеде азаттық тарихын зерттеушілердің методологиялық ұстанымы ақиқаттан қылаудай ауытқымағаны абзал.

1.6 Ұлт тарихы және әлемдік үдерістер
Қазіргі Қазақстан тарихын зерттеу методологиясында мемлекет пен қоғамның, тіпті жекелеген ұжымдар мен адамдардың өмірі әралуан екенін, қыртысы қалың факторлар әсерімен қалыптасатынын ерекше назарда ұстау керек. Айталық азаматтардың әл - ауқаты елдің табиғи байлығына, ғылымы мен білімінің тікелей өндіргіш күшке айналу дәрежесіне, мемлекеттік басқару тиімділігіне, негізінен ішкі саясаттың қарымына қарай жақсарады немесе төмендейді.

1.7 Тарих таразысы
Қазіргі Қазақстан тарихының тәжірибесі мен тағылымын бағалауда жүгінетін өлшем таразысы неде деген сұрақтың методологиялық кілті төңірегінде бірер ойымызды айта кетейік. Біздің пайымдауымызша, тарихи мән - маңызы бар мәселені ой елегінен өткізгенде екі өлшемге басымдық беру керек. Біріншіден, зерттеу нысаны мен пәніне айналған құбылыс және үдерістің мемлекеттік реттелуі, нақты жүзеге асуы, құқықтық рәсімделуі ел Конституциясы, тиісті заңнамалық актілер аясында жүрген - жүрмегенін назардан шығармау, екіншіден, түпкі нәтижесі әлеуметтік қауым мүддесіне жауап берген - бермегенін бүкпесіз ашу.