Соғыс жылдарындағы халықтың кейбір наразылық әрекеттері
Баршаға белгілі ақиқат - кешегі кеңес заманында ұзақ жылдар бойы КСРО және Қазақстан тарихына байланысты ғылыми-зерттеулерде маңызды оқиғалардың шындығы бүркемеленіп, бұрынғы үстем идеологияның арнасында жазылып келген болатын. Олардың бірі, тарих беттеріндегі маңызды оқиға - Ұлы Отан соғысы тақырыбы. Бүл тақырып төңірегінде кеңес тарихнамасында көптеген ғылыми зерттеулер жүргізілді. Соғыс тарихын тоталитарлық кеңестік жүйе коммунистік идеологияның аясына, талаптарына бағындырып, тарихтың, тек жарқын беттерін көрсетуді мұрат тұтып, біркелкі жағымды жағынан көрсетті. Осының салдарынан шынайы тарихтың біршама беттері көпшілік назарынан тыс қалып отырды.
Кейбір партияның жауапты қызметкерлері, партия мүшелері өз жақындарын соғыстан алып қалуға тырысқан әрекеттері әшкерленген. Олар өз туыстарына әскери қызметтен босатылатын құжаттар әзірлеумен айналысқан. Мәселен, Ойыл аудандағы № 21 ауылдық кеңестің төрағасы Д. Асауов өзінің 1924 жылы туған ағасы Кенжеғалиды Қызыл Армия қатарына барудан босату үшін оған «1926 жылы туған» деген анықтама берген. Осындай әрекетпен Д.Асауов тағы да 3 адамды Қызыл Армия қатарынан алып қалғаны анықталған. Мұндай әрекеттер Ключевский ауданындағы Моржакбұлақ ауыл кеңесінің төрағасы мен хатшысы Ташаев пен Делмановтардың тарапынан да кездескен. Олар Қызыл Армия қатарына шақырылғандарды әскери міндеттен жасыру үшін шаруашылық кітаптарындағы туған жылдарын өзгертіп жалған құжаттар әзірлеген. Қарабұтақ ауданындағы қаржы бөлімінің меңгерушісі Б.Нұрмұхамбетов өз үйінде 4 ай ұлы Мұхтарды жасырып ұстаған. Бұлардың істері қаралып әскери трибуналарға берілген [5, 22 — п.]. Мұндай оқиғалар республиканың басқа аймақтарында да кездескен.
Сонымен қатар елде дезертирлермен күрес үшін арнайы топтар да құрылды. Оның құрамында аудандық комитеттің хатшысы, НКВД-нің аудандық бастығы және аудандық әскери комитет төрағасы болды [8, 13-п.]. Ақтөбе облысында дезертирлермен күрес жүргізетін кеңестік - партиялы құйымның құрамында 690 мүше болған [9, 1-п.].
Халықтың наразылық әрекеттері Ақтөбе, Гурьев, Батыс Қазақстан облыстарымен қатар республиканың басқа аймақтарында да кездескенін төмендегі кестелерден аңғаруға болады.
Соғыс басталғаннан-1942 жылдың 1 қыркүйегі аралығындағы ішкі істер органдары жұмыстарының қорытындысы берілген [8, 20-п.].
Бұл мәліметте, Батыс Қазақстан өңірінен (Ақтөбе, Гурьев, Батыс Қазақстан) Қызыл Армия қатарынан қашушылық бойынша 419 оқиға тіркелсе, бұл республика бойынша 18,7% көрсеткішті көрсетеді. Республика бойынша көп оқиға тіркелген аймақ Ақтөбе облысымен қатар, 286 оқиға тіркелген Қостанай облысы болған.
Жоғарыда аталған халықтың наразылық әрекеттері Батыс Қазақстан өңірлерімен катар республиканың барлық аймақтарында кездесті. Республиканың барлық өңірлерінде Кеңес үкіметіне, Қызыл Армияға қарсы жасалған әрекеттердің белең алуына жол берілмей, арнайы тосқауыл шаралары жасалынды. Барша халықтың жеңіске, Қызыл Армияға деген сенімдерін күшейтіліп, бірлікке, төзімділікке шақырылды.