Загрузка страницы

Для Казахстана

Курсовые

Дипломные

Отчеты по практике

Расширенный поиск
 

Предмет: Қазақстан Республикасының тарихы

Тип: Реферат

Объем: 16 стр.

Полный просмотр работы

Қазыбек би Келдібекұлы (1659-1765 жж.)

Келдібекұлы Қазыбек би (1665-1765) - қазақтың Тәуке, Болат, Сәмеке, Әбілмәмбет, Абылай хандары тұсында мемлекет басқару ісіне араласқан мемлекет және қоғам қайраткері, Әз Тәуке хан құрған «Билер кеңесінің» мүшесі, атақты шешен, Орта жүздің төбе биі, «Жеті жарғы» аталатын заңдар кодексін шығарушылардың бірі. Шыққан тегі Орта жүздің Арғын тайпасының Қаракесек руынан.
Қазыбектің анасы Тоқмейіл ұтымды да тапқыр сөздерді көп білетін зерек кісі болыпты. Анасы айтқан есті сөздерді кішкентай күнінен жаттап өскен ол ер жете келе өзі де солай сөйлеуге машықтана бастайды. Осы өнерінің арқасында бала биден дана биге айналып, «қара қылды қақ жарған Қаз дауысты Қазыбек би», «алты алаштың ардағы» деген атаққа ие болады. Содан болар Тәуке хан мемлекет тұтастығына жарықшақ түсірмей, халықты бірлікте ұстау үшін үш жүзді өзінен шыққан үш биге билету арқылы басқарғанда, Орта жүзге осы Қазыбек биді тағайындайды. Ол ел басқару ісіне араласып, Қазақ хандығының ішкі сыртқы саясатына елеулі ықпал жасап отырады.
Жоңғар басқыншылығына қарсы халық күресін ұйымдастырушылардың бірі болған Қазыбек би елдің азаттық алуы жолында аянбай тер төгеді. Абылай сұлтан жоңғарлардың қолына тұтқын болып түсіп қалғанда, оны босатып алуға белсене араласады. Сондай ақ ол Ресей, Бұхара, Хиуа мемлекеттері арасындағы еларалық мәселелерге де араласып, бейбітшілік пен достықты дәріптеуші мәмілегер болған, аразды татуластырып, алысты жақындастырып отырған. «Елдестірмек елшіден, жауластырмақ жаушыдан» деп, ол елшілік қызметті де мінсіз атқарған тұңғыш дипломат. Оның тұңғыш рет он сегіз жасында елшілікке атшы болып барып, басшы болып қайтқаны ел аузында әлі күнге аңыз болып айтылады.

Үш жүздің ішіндегі шешуі қиын, ең күрделі мәселелердің басы қасында жүріп, хандардың сенімді ақылшысы, халықтың ханға бергісіз биі болған Қазыбек әр кез батыр жинап, ел шаппай, қылыш шауып, оқ атпай ақ ақылымен жол тауып, ел бірлігінің емшісі бола білген. Әбілқайырды өлтіріп, ел бірлігіне сызат түсуіне себепші болған Бараққа: «Сылтауратып сытыла алмайсың, не өліп тынасың, не жөніңмен жеңіп құтыласың, екінің бірі, Барақ» деуі,ақыр соңында оны мойындатып: «Уа, би аға! Айттың сен, көндім кебіңе» деуге мәжбүр етуі тек Қазыбектей айбыны ай жасырған текті бидің қолынан ғана келсе керек.

XVIII ғасырдың 60-жылдары Цинь империясы Қазыбек биді өз жағына шығару мақсатымен елшілерімен бірге көптеген бағалы сыйлықтар жіберген. Бірақ Қазыбек би Қытай жағына мүлде қарсы болған. Ол Абылайды Цинь империясымен қарым-қатынас жасамауға шақырған.
Қазақтың тұтас бір елдігін көксеп, жарғақ құлағы жастыққа тимей, өле-өлгенше ұзақ та нәтижелі өмір кешкен аты шулы шешен биіміз Қаз дауысты Қазыбек. Қазақтың үш жүзін бір хандыққа қаратып, оның орта жүзінің тізгінін берік ұстаған беделді биі, әділ қазы, асқан талант иесі. Тәуке ханның беделін беркітіп, халқының бірлігін нығайту, қаптаған қалың жоңғарға қарсы ерлік күрес ашып, ер жүрек қазақ ұлдарын ел мүддесін, ұлтының ар-намысын қорғауға үндеп өткен дана басшы, салиқалы сөз, салмақты мінез танытып, жастайынан ақыл-парасатымен жоғарыдан көрінген, өзіндік жол-жосық бастаулары бар ұшқыр ойлы, жаны таза кемеңгер. Шешімсіз дау қалдырмай, қиын түйіннің жігін тауып, бойындағы сөз маржанын жеріне жеткізе, сезіндіре серігілте сөйлеп, күмәнсіз сендіре білген қызыл тілдің шебері, айтыс-тартыста озып шыққан жүйелі сөздің жүйрігі, тайынбай, тайсалмай, шындықты, әділетті жақтаған абзал азамат. Халқымыздың басына қайғылы күн туып, берекесі кеткен ауыр заманында ел жұртын сақтап қалу үшін өмірін сарп еткен ардагер асқан ақыл иесі. Қара түнек қаптаған қазақ аспанына өмір сәулесін шашқан жарық жұлдызы.